Солтүстік Қазақстанда жолдарды жөндеуге рекордтық қаражат бөлінді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Биыл Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті және республикалық маңызы бар 705 шақырым жол жөнделмек. Осы мақсатқа барлығы 37 млрд теңге бөлінді. Бұл, өңір үшін рекордтық қаражат, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстанда жолдарды жөндеуге рекордтық қаражат бөлінді

Солтүстік Қазақстан облысы жолдарының ұзындығы 9 мың шақырымды құраса, оның 1,5 мың шақырымы республикалық маңызы бар трассалар. Жергілікті автомобиль жолдарының 39 пайызының жағдайы көңіл көншітпейді.

СҚО әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, автомобиль жолдарын жөндеуге арналған қаржы жыл санап артып келеді. Соңғы үш жылда өңірде 1900 шақырым жол жөнделді. Былтыр бұл жұмыстарға 33 млрд теңге (675 шақырым) бағытталды.

«Биыл жолдарды жөндеуге 37 млрд теңге бөлеміз. Салыстыру үшін айтсам, 2017 жылы 21 млрд теңге бағытталды. Үлкен айырмашылық. Бұрын жолдарды жөндеуге мұндай қаржы бөлінбейтін», - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

2019 жылы жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеп, қалыпта ұстауға 18 млрд теңге жоспарланған. Оның 14 млрд республикалық қазынадан бөлінбек. Жалпы, соңғы үш жылда жөнделген жолдардың шарапатын қазір 128 елдімекеннің 62 мың тұрғыны көріп отыр.