Солтүстік Қазақстандағы кәсіпорындардың үштен бірін әйелдер басқарады
Статистиктердің мәліметтері бойынша, бұл көрсеткіштің 72,1%-і жеке кәсіпкерлерге, 16,6%-і заңды тұлғаларға, 11,3%-і шаруа қожалықтарына немесе фермерлік шаруашылықтарға тиесілі.
Негізінен солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер көтерме және бөлшек саудамен автокөлікті жөндеумен, ауыл, орман және балық шаруашылығымен айналысып, өнеркәсіп және құрылыс саласында жұмыс істейді. Бірінші жартыжылдықта шағын және орта бизнес субъектілері 154 млрд теңгеден астам сомаға өнімдер шығарып, әртүрлі қызметтер көрсеткен. Өндіріс көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,1%-ке артты.
«Қазір әйелдердің басшылығындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың көрсеткіші 27,3%-ті құрайды. Әйелдер басшылық ететін салаларға мыналар жатады: білім беру, қаржы және сақтандыру қызметі, жылжымайтын мүлік операциялары, өнер, ойын-сауық және демалыс, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер», - деген ақпарат берді статистика департаментіндегілер.
Шағын және орта бизнес саласында 103 мыңнан астам адам жұмыс істейді, бұл облыстағы жұмыспен қамтылған халықтың 35,4%-ын құрайды.