Солтүстік Қазақстандағы Қызыл-Оба мавзолейі ЮНЕСКО тізіміне енуі мүмкін
Биыл өңірде алғашқы археологиялық экспедицияның шыққанына 55 жыл толды. СҚО Табиғи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының мәліметінше, аймақта мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш болса, соның 599-ы мемлекеттік ескерткіштер тізіміне енгізілген, тағы 8-інің республикалық мәртебесі бар. Ал олардың 437-сі – археологиялық ескерткіш: 45-і – тас ғасырына, 167-сі – қола дәуіріне, 205-і – ерте темір дәуіріне, 20-сы – орта ғасырға жатады.
1967 жылы СҚО-да алғашқы археологиялық экспедиция жолға шықты. Уақыт өте келе Геннадий Здановичтің, кейін Виктор Зайберттің орасан еңбегі арқасында археологтердің ұжымы қалыптасып, ғалымдар өңірдің археологиялық ескерткіштерін зерттеуге өлшеусіз үлес қосты.
1980 жылы тарих ғылымының докторы, археология профессоры Виктор Зайберттің қазақ жерінде ашқан басты жаңалығы – Ботай қонысы болды. Ботай – энеолит дәуірінде өңірде мекендеген тайпалар мәдениеті. Қонысты зерттей келе мұнда 250 үй болғаны анықталды, 133 мыңнан астам жылқы сүйегі табылып, зерттелді. Нәтижесінде, жабайы жылқының ең алғаш осы жерде қолға үйретілгендігі анықталды. Археологиялық экспедиция барысында 158 үйдің орны қазылып, тастан, қыштан және сүйектен жасалған түрлі шаруашылық құралдары табылды.
Тәуелсіздік жылдары ашылған ең танымал археологиялық ескерткіш – Сергеевка қаласының маңында орналасқан «Байқара» кешені. «Байқара» ғибадат кешені біздің заманымыздан бұрынғы ІV-V ғасырларға тән салынған. Мұнда археологиялық қазба жұмыстары 1997-1999 жылдары аралығында жүргізілген. Бастапқыда ғалымдар жерлеу орны деп ойласа, кейін қазба жұмыстары нәтижесінде скифтер дәуіріндегі ғибадатхана екендігі анықталды.
Ал, Қызылжар ауданы Долматово елді мекені маңындағы «Ақ ирий» қалашығы 1968 жылы ашылғанымен, қазба жұмыстары тек 2003 жылы ғана басталды. Ерте темір дәуіріне жататын қоныстың жалпы аумағы 22 400 шаршы метрді алып жатыр. Ескерткiштен күйдірiлген кiрпiштiң, сүйектердiң қалдықтары, ойып жасалған әшекей iздерi бар ұсақ керамика фрагменттерi бар жәдігерлер табылды. Қалашық жақсы ойластырылып салынған және 3 жағы жармен қоршалған, Яғни жау кіре алмайтындай етіп тұрғызылған.
Уәлиханов ауданындағы «Қызыл Оба мазары» ЮНЕСКО тізіміне енуі мүмкін. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен «Margulan centre» орталығының археологиялық экспедициясы еліміздің орта ғасырлық тарихын зерттеуге өлшеусіз үлес қосты. Ғалымдар тобы 2019 жылы Береке мен Қаратал ауылдарының маңынан XIV ғасырға жататын 7 кесененiң үйiндiсін тапқан еді. Алтын Орда дәуiрiнiң мазарлары Жошы хан әулетiнiң өкiлдерiне тиесiлi. Қазба жұмыстары кезінде алтын әшекей бұйымдар, кiрпiштi күйдiру пештерi мен шеберханалар, арықтар мен керамикалық ыдыстардың қалдықтары табылды.
Археолог, тарихшы Татьяна Крупаның айтуынша, бұл үсті толық жабылған Қазақстандағы әзірге жалғыз мавзолей.
«Біз бұл ескерткішті зерттей отыра сақтап қалуды мақсат еттік. Бұрынғы қалпына келтіру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Келген адамдар тарих қойнауына кіргендей күй кешуі керек. Биыл да мен қазба жұмыстары кезінде көптеген талдаулар жасадым. Қазірдің өзінде бұл ескертікштің өте құнды екеніне көз жеткізіп отырмын. ЮНЕСКО тізімінен орын алса екен деп тілеймін. Көшпелі мәлениет тарихтан лайықты орнын алуы керек», - дейді Татьяна Крупа.
Биыл ғалымдар «Қызыл-Оба мавзолейінде» кірпіштен жасалған жиырма шақты нысанды анықтады. Сондай-ақ, кірпішті жоғары температурада қыздырып, кептіретін бірнеше шеберхананы тапты. Қазба жұмыстары келесі жылы жалғаспақ.