Солтүстік Қазақстанға биыл 690 отбасы қоныс аударады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Елімізде тығыз орналасқан аймақ тұрғындарын жұмыс күші аз өңірлерге көшіру жұмыстары қарқын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат 24.kz-ке сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстанға биыл 690 отбасы қоныс аударады

Бұл жұмыстар «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып отыр. Тек үстіміздегі жылдың өзінде Солтүстік Қазақстанға Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарынан 690 отбасы қоныс аударады деп жоспарланып отыр. Бұл жылдағы көрсеткіштен 4 есе көп. Дегенмен, өңірге әлі де мыңға жуық маман жетіспейді. Бұрындары Аққайың ауданының тұрғындары дерматолог дәрігерге қаралу үшін сенбіні тосатын еді. Өйткені маман аптасына бір рет қаладан келетін. Құлдашевтар отбасы қоныс аударғалы бұл мәселе түбегейлі шешілді. Қазір науқастарды Гүлчехра өзі қарайды.

«Біріншіден, айлық аз болған. Екіншіден, мен жұмысқа тұра алмадым. Қазір Шымкентте жұмысқа тұру өте қиын. Біз жұмыс істейміз деп сеніп бардық қой. Балалар кішкентай, әзірге аяққа тұруымыз керек»,-дейді дерматовенеролог дәрігер Гүлчехра Құлдашева.

Бүгінде Құлдашевтар әулетінің оңтүстіктен жүгін теңдеп артып, солтүстікке көшіп келгеніне жарты жылдан асты. Екі баласы мектепте, ал кішкентайы балабақшамен қамтылды. Отағасы да ауруханаға жұмысқа орналасты. Ақ халатты абзал жандарға көтермеақы мен үй берілді.

«Кішкене қорқыныш болды бір ай. Содан бір айдан кейін осы ауа райына, климатқа үйреніп, ары қарай жақсы істеп кеттім. Енді әкімдіктіктен тағы бір жер берейін деп жатыр», - дейді анестезиолог дәрігер Ергеш Құлдашев.

Айта кеткен жөн, бүгінгі күнге дейін Аққайың ауданына көшіп-қону бағдарламасы бойынша 32 отбасы қоныс аударды. Жыл соңына дейін тағы үшеуі келеді деп күтілуде.

Оңтүстіктен солтүстікке қарай ағайынның көші 2016 жылы басталды. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Яғни 2021 жылға дейін өңірде қоныс аударушыларға деп үш мың тұрғын үй салынады.