Солтүстік Қазақстанға қосымша агрометеобекеттер керек

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында қосымша агрометеобекеттер орнату ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстанға қосымша агрометеобекеттер керек

Қазір өңірде агрометеорологиялық мониторинг жүргізетін 21 пункт жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығының мамандары облыстағы агробекеттердің саны жеткіліксіз екенін айтады. Аудандардағы метеостанцияларда бір-бірден ғана агробекеттер бар.

«Қазгидромет» РМК бас директоры Марат Қынатов қазақстандық ғалымдардың ұсынысын екшей келе, облыстың егін егілетін аумағын толық қамту үшін тағы да 29 бекет қажет екенін айтады.

Бас синоптик радиолокациялық мониторинг жүйесінде де үлкен перспективалар бар екенін тілге тиек етті.

«Станция бүгін қанша жауын-шашын, ылғал түскенін, температураны, ауадағы ылғалды, желді көрсетеді. Біздің станциямыз тұрған жерден анықтама береміз. Бірақ радиустың сыртында не болып жатқанын нақты айта алмаймыз. Радар 250 километрге дейін көрсетеді. Жуырда Энергетика министрлігімен, Инвестиция және даму министрлігімен Қазақстан аумағын радиолокациялық желімен толық қамту жөніндегі келісімге қол қоямыз», - дейді М. Қынатов.