Солтүстік Қазақстанның Жамбыл ауданында екі адамды өлтіру қылмысы ізі суымай ашылды
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, таңертең ертемен селолық округтің әкіміне ауылдың бір тұрғыны өз үйінде туысының өлі денесін тапқанын хабарлаған. Селоға аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы полиция майоры Арман Құтышев бастаған жедел тергеу тобы дереу жолға шығады.
Үйге кірген полицейлер 62 жастағы үй иесінің денесін табады, сол жерде үй иесінің бауыздалған 56 жастағы танысы да табылады. Тергеушілер, полицияның учаскелік инспекторлары топ-топқа бөлініп, селоны аралай бастайды. Облыстық ішкі істер департаментінің Жедел басқару орталығына оқиға туралы шұғыл хабар жөнелтіледі. Ауыл тұрғындарынан алынған жауаптардың негізінде біраз ақпарат алынады: селолықтардың айтуынша, осының алдында селода жастар туған күнін атап өткен және олардың ішінде басқа жақтан келгендер де болған. Қонақтарды іздестіре бастаған кезде олардың таңертең тас жолға шыққаны анықталады. Мамлют аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығына жедел хабар жіберілгеннен кейін, көп кешікпей полицейлер Мирное селосында туған күнді тойлаған үшеу мінген «ГАЗель» көлігін тоқтатады.
22 жастағы жігіттер ұстала салып, кінәларын мойындады. Олардың айтуынша, туған күн аяқталған соң, әлгілердің бірі соңғы уақытта ауылдағы 62 жастағы қарияның үйінде тұрып жатқан бұрын сотталған 56 жастағы ауыл тұрғынына деген ескі өкпесін есіне алған. Саналарын арақ улаған олар, үйге кіре салып, «кек алуға» кіріскен. Үйдің иесін бірінші болып тұншықтырып өлтірген, ал ескі өкпесі есіне түскен үшінші жігіт ренжітушісін пышақпен бауыздап өлтірген.
Факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.