Солтүстік Корея оқшаулауға жауап ретінде әскери әрекет бастау туралы қоқан-лоқы жасады
ПХЕНЬЯН. Маусымның 13-і. ҚазАқпарат - Солтүстік Корея, егер АҚШ пен оның одақтастары елді оқшаулауға тырысса, әскери әрекет бастау туралы қоқан-лоқы жасап отыр.
Пхеньян, уранды байыту және қолдағы плутонийді бомба үшін өңдеу жөніндегі жұмыстарды бастайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Азаттық» радиосына сілтеме жасап. Бұл мәлімдеме Пхеньян мамыр айында бірқатар ядролық және зымыран сынақтарын жасағаннан кейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкцияларды қабылдауына жауап ретінде жасалып отыр. Жұма күні қабылданған қарар Солтүстік Кореяның барлық қару-жарақ экспорты мен импортына тыйым салуда. Біріккен Ұлттар Ұйымына кіретін елдер Солтүстік Кореяға бара жатқан барлық кемелерді тексеруге және күдікті жүктерді тәркілеу құқығын алып отыр.