Солтүстік Корея өзінің жалғыз ядролық полигонын жарып жіберді
ПХУНГЕРИ. ҚазАқпарат - Бейсенбі күні Солтүстік Корея жалғыз ядролық полигонын бұзып, ядролық әлеуетін жоюға алғашқы қадам жасады, деп хабарлайды Ренхап агенттігі.
Жергілікті уақыт бойынша таңғы 11 шамасында Пхунгери полигонының солтүстік бөлігіндегі No.2 жерасты жолы жарылды. Қалған екі туннель Пхеньян уақытымен күндізгі 2:17-де жойылды. Сондай-ақ казарма ғимараттары, шолу мұнаралары және полигон аумағындағы басқа да нысандар жару жолымен жойылды.
Пхеньянның шақыруымен демонтаждау рәсіміне АҚШ, Қытай, Ресей және Ұлыбритания телеарналарының өкілдері мен журналистер қатысты.
Полигонның бұзылуына куә болған журналистердің айтуынша, қопару жұмыстары кеше кешкісін 4:17-де тоқтатылған. №1 туннельдің демонтаждалуы туралы әзірге ақпарат жоқ.
Оңтүстік Корея үкіметі бұл оқиғаны жылы қабылдап, Корей түбегін ядродан тазарту процесінің ары қарай жалғасуына үміт білдірді.
«Біз бұл оқиға алдағы уақытта түбекті ядродан толықтай тазартудың бастамасы болады деген ойдамыз», - деп мәлімдеді Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Солтүстік Корея бұқаралық ақпарат құралдары бұл оқиға туралы әзірге үнсіз отыр. Полигонды бұзу шарасына мемлекет басшысы Ким Чен Ынның барған-бармағаны туралы ақпарат жоқ.