Солтүстік Корея ядролық сынақ өткізгенін ресми мәлім етті

ПХЕНЬЯН. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат - Солтүстік Корея ядролық сынақ өткізді.

Солтүстік Корея ядролық  сынақ өткізгенін ресми мәлім етті
Бұл туралы республика ресми мәлім етті. Осыған орай Оңтүстік Кореяның Президенті Ли Мен Бак министрлер кабинетінің шұғыл кеңесін шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Ядролық сынақ бүгін таңертең жасалған. О баста болжам жасауға Солтүстік Корея аумағында тіркелген «жасанды» жерасты дүмпуі негіз болған. АҚШ-тың Геологиялық қызметі Солтүстік Кореяның солтүстік-шығысындағы Ким Чхэк қаласынан 70 шақырымдай жерде жергілікті уақыт 9:54-те (мәскеу уақыты бойынша 4:54-те) магнитудасы 4,7 балдық жер сілкінісін тіркеген. Естеріңізге сала кетейік, Солтүстік Корея өзінің алғашқы ядролық сынағын 2006 жылы қазанның 9-ында жасаған болатын. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі өзінің N1718 қарарында, Солтүстік Кореядан ешқандай ядролық сынақ жасамауды және баллистикалық зымыран ұшырмауды талап еткен болатын. Бірақ Пхеньян бұл талапты бұзып, ағымдағы жылдың сәуір айының басында жерсерік ұшырды. Одан кейін ядролық қару-жарақты жою жөніндегі алтыжақты келіссөзден шығатынын мәлім етті. Батыс сарапшылары Пхеньянның бұл әрекетін жаңа ядролық сынаққа әзірлік деп пайымдаған болатын.