09:25, 22 Наурыз 2014 | GMT +5
Солтүстік Корея Жапон теңізіне қарата 30 зымыран ұшырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Корея Жапон теңізіне қарата қысқа қашықтықтағы 30 зымыран ұшырды.
Бұл туралы шетелдік БАҚ оңтүстіккорейлік «Ренхап» агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Таратылған ақпаратқа қарағанда, зымырандар шамамен 60 шақырым жерге ұшып барып, теңіз үстіне құлаған.
Соңғы үш апта бойы Солтүстік Корея тұрақты түрде зымыран ұшырып келеді. БАҚ-тардың хабарлауынша, бұл Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың әскери оқу-жаттығуларына қарсы бағытталған наразылық шаралары іспеттес.
Айта кетейік, осы аптаның ішінде Оңтүстік Корея КХДР-дің зымырандарды сынақтан өткізуін доғаруды талап етіп, олардың іс-әрекеттерін арандатушылыққа әрі әлеуетті қауіпке бағалайтындықтарын мәлімдеген болатын.
Дегенмен, БҰҰ-ның Солтүстік Кореяға қарсы енгізген санкция режімінде қысқа қашықтықтағы зымырандарды сынақтан өткізуіне тосқауыл қою қарастырылмаған.