10:50, 19 Ақпан 2013 | GMT +5
Солтүстік өңірлерде ақпан және наурыз айларында қалың қар жаууы мүмкін - ҚР Төтенше жағдайлар министрі
АСТАНА 19 ақпан. ҚазАқпарат - Тапсырмаға сәйкес 24 қаңтарда облыс мәслихаттары тасқынға қарсы іс-шараларға арналған бюджетті биыл 5,4 миллиардтан 14 миллиард теңгеге дейін ұлғайтты.

Бұл туралы бүгін селекторлық тәртіптегі Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті.
«Бұл ретте БҚО-ның төтенше жағдайларға арналған бюджеттік бабы 19 есеге, Астана қаласында - 15 есеге, Қостанай облысында - 11 есеге, ОҚО-да - 5 есеге өсті. Бұдан бөлек Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары өздерінің бюджетінен қосымша қаржы бөлмеді. Бұл қалыптасып отырған жағдайда тасқынға уақытылы әсер ету шараларының тиімділігін төмендетуі мүмкін», - деді министр.
Сөз соңында ол Солтүстік өңірлерде ақпан және наурыз айларында қалың қар жаууы мүмкін екендігін ескертіп өтті. «Сондықтан бұл жағдай одан әрі қиындайтынын атап айтқым келеді», - деп түйді В. Божко.