12:25, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Солтүстік ? Оңтүстік транзиті оңтүстік өңірдегі электр энергиясының тарифін тұрақтандыруға мүмкіндік береді ? «KEGOC» АҚ Президенті
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік транзитіндегі электр жеткізу желісін жүзеге асыру - оңтүстік өңірдегі электр энергиясының тарифін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Бұл туралы бүгін Қарағанды облысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен «Ағадыр-ОҚМАЭС» желісі учаскесінің іске қосылуы алдында болған брифингте ?KEGOC? АҚ-ның президенті Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағадыр» қосалқы стансасы қайта жасалып кеңейтілгеннен кейін ол Қазақстанда, сондай-ақ Орталық Азияда ірі стансалардың біріне айналғанына тоқталған Қ. Бозымбаев, 500 кВ-тық «Ағадыр-ОҚМАЭС» желісі учаскесінің ұзындығы 386 шақырымды құрайды. Бұл бағыттағы желінің құрылысы 2 жылға созылды. Бұл учаске іске қосылғаннан бастап, еліміздің солтүстік энергия көздерінен оңтүстік аймаққа бағытталатын электр энергиясы 180 МВт-ға көбейтілді. Жыл соңына қарай біз үшінші учаскені аяқтауды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, оңтүстікке энергия жеткізу көлемі екі есеге артатын болады. Бұл жұмыстардың барлығы оңтүстік өңірдегі электр тарифінің тұрақтануына мүмкіндік береді», деді.
Қазақстандағы ең арзан электр энергиясы солтүстік энергия көздерінде, Екібастұз стансаларында орналасқанын жеткізген Қ. Бозымбаев, сондықтан бұл атқарылған шаралардың барлығы оңтүстік аймақтардағы тариф саясатының тұрақтануына әсер етеді. Сондай-ақ Солтүстік-Оңтүстік желісі еліміздің оңтүстік өңірімен қатар орталық аймақтарды, яғни Қарағанды облысын индустрияландыруды дамыту мәселесіне ықпал ететін болады.