Солтүстік теңіздегі күшті жел әскери жүк тиелген дат кемесіндегі өрттен экипажды құтқаруға кедергі жасауда

АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат - Солтүстік теңіздің Норвегия жағалауында дат жүк кемесінде өрт шықты, от құрсауында 32 экипаж мүшесі қалып отыр, деп хабарлады РБК.

Солтүстік теңіздегі күшті жел әскери жүк тиелген дат кемесіндегі өрттен экипажды құтқаруға кедергі жасауда

Норвегиялық үш тікұшақ оқиға орнына ұшып шықты, бірақ та құтқару жұмыстарына күшті жел кедергі жасауда.

Норвегияның біріккен үйлестіруші құтқару орталығының басшысы Пер Фьельд экипаж өміріне қауіп жоқ екенін хабарлады: өрт ошағы ауыздықталды және кемеде одан әрі жайылуына тоқтау салынды, бірақ та оны толық өшіру мүмкін болмай отыр.

Қазіргі кезде Солтүстік теңіздегі ұйтқыған желдің екпіні сағатына 180 шақырымға жетіп, толқын биіктігі 15 метрге дейін көтерілді.

DFDS дат компаниясының иелігіндегі 11 мың тоннаға дейін жүк көтеретін Britannia Seaways кемесі норвегиялық Флуре қаласынан 130 шақырым жерде өртенді. Оның бортында әскери жүк бар. Кеме Норвегияның солтүстік бөлігінен Бергенге бағытталып шыққан болатын.