Солтүстікқазақстандық бидайға сұраныс артты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Биыл солтүстікқазақстандық бидайдың 2,9 млн тоннасы шетелге экспортталды. Жақында тағы 713 мың тонна астық шекара аспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» СҚО өкілдігінің мәліметінше, бидай экспортталатын елдердің қатарында Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Иран бар. Биыл оларға Әзербайжан мен Түрікменстан қосылды.  Бұл екі мемлекет бұған дейін астықты Ресейден сатып алып келген.  Жаңа бидайдың сапасы былтырға қарағанда жоғары болғандықтан шет мемлекеттерден сұраныс түсіп жатыр.

Бүгінгі таңда элеваторларға 1,5 млн тонна дән құйылды.  Оларды өңдеумен 45 кәсіпорын айналысады. Биыл бидайды тасымалдауда вагондар жетіспеушілігі де болмайды. Өйткені жуырда ғана осы мәселеге қатысты «ҚТЖ» АҚ мен облыстық әкімдік меморандум жасасты.

«Былтырға қарағанда екі есе көп бидай теміржолмен тасымалданатын болады.  Облысқа қанша вагон керек, соншасын тауып береміз деп отыр. Әзірше, 100 вагон өңірге бекітілді»,- дейді «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ СҚО өкілдігінің директоры Рамазан Әсіп.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде бидай бағасы көтерілген болатын. 3-класты бидайдың бағасы 12 мың теңгеге қымбаттады. Яғни, ҚҚС төлеушілер үшін 54 мың теңге деп бекітілді. Бұл өз кезегінде өңір аграршылары үшін тиімді, өйткені ауыл шаруашылығында еңбек ететіндердің табысы артып, өнімділік көлемі ұлғаяды.

Соңғы жаңалықтар