Солтүстікқазақстандық спортшы Алматыда өткен III Еуразиялық спорт ойындарының чемпионы болды

ПЕТРОПАВЛ. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық спортшы Александра Хожаева бүгін Алматыда аяқталып жатқан III Еуразиялық спорт ойындарының чемпионы болды.

Солтүстікқазақстандық спортшы Алматыда өткен III Еуразиялық спорт ойындарының чемпионы болды

Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен хабарлайды.

Бұл жарыстар 16-20 қыркүйек аралығында өтті, оған 1996-2000 жылдары туған жасөспірімдер мен қыздар қатысуда. Ойындар Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінің шешімі бойынша өткізілуде. Жарысқа Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан Республикаларының өкілдері қатысуда.

Еуразиялық спорт ойындары алғашқы рет 2007 жылы Брестте (Беларусь), екінші рет - 2010 жылы Қазанда өткен болатын. Жасөспірімдер мен қыздар арасында өтетін үшінші Еуразиялық спорт ойындарының тәртібіне сәйкес, 232 медаль жиынтығы сарапқа салынып, спорттың 13 түрі бойынша жарыс өткізу қарастырылған болатын. Жарысқа 400 адамнан тұратын төрешілер корпусы қызмет көрсетуде.

СҚО Айыртау ауданынан келген Александра Хожаева 37 келі салмақ дәрежесінде әйелдер арасындағы еркін күрес бойынша үшінші Еуразиялық спорт ойындарының чемпионы болып, алтын медальді жеңіп алды.

Спортшы 1998 жылы 26 мамырда туған. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Айыртау мектеп-интернатының тәрбиеленушісі болып табылады. 2010 жылдың қыркүйек айынан бастап, Айыртау ауданы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрес бөлімшесінде жаттықтырушы Есләм Салпықовтың жетекшілігімен спортпен айналыса бастайды. Ол құрметті демалысқа шыққаннан кейін жаттықтырушы Қажығали Бадымовтың жетекшілігінде болды.