Солтүстікқазақстандық жұмыртқаға сұраныс артты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында құс шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Былтыр жұмыртқа өндірісі 16% артса, соның 74% экспортқа шығарылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысында қазір 10 шақты құс фабрикасы бар. Былтыр ондағы құс саны 8% артып, 4,6 млн-ға жеткен. Жалпы, өңір жұмыртқа өндірісі бойынша елімізде үздік үштікке енеді. Солтүстік Қазақстанның үлесі республикада 14 % тең. 2018 жылы облыста 809 млн дана жұмыртқа өндірілді. Бұл - 2017 жылмен салыстырғанда 16 % көп.
«Құс шаруашылығын одан әрі дамыту керек. Біздің өнім сұранысқа ие әрі бәсекеге қабілетті. Былтыр 2017 жылмен салыстырғанда жұмыртқа экспорты 74% артты», - деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов СҚО әкімдігінің отырысында.
Жалпы, былтыр СҚО-да экспорт 20%-ға өсіп, 129 млн долларды құрады, импорт 10% азайды. 2018 жылы экономика өсімі 104,4% құрады. Аграрлық салада өндірілген өнім көлемі жарты триллион теңгеден асып жығылды. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2% өсті. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2,2% артса, құрылыс жұмыстарының көлемі 13,6% көбейді.