«Солтүстікке барған баланы не күтіп тұр?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 29 тамыз, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

«20 994 жүргізушінің куәлігі заңсыз алынған», деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті кезекті мақаласында.

Қызылорда облысында 20 994 азаматтың жүргізуші куәліктері заңсыз алынғаны анықталып отыр. «Облыстық прокуратура ішкі істер департаментінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары тиімділігін тексеру барысында 20 994 азаматтың жүргізуші куәліктері заңсыз алынғанын анықтады. Бұлардың бәрі көлік құралын жүргізу құқығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауға жатпайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар болып шықты», делінген мақалада.

Сондай-ақ, прокурордың наразылығы бойынша әкімшілік жауаптылықтан босатылған 41 азаматтың әлі күнге дейін «Әкімшілік құқық бұзушылықтар және оларды жасаған тұлғалар туралы орталықтандырылған деректер банкінде» негізсіз жауаптылыққа тартылған тұлға ретінде есепте тұрғаны анықталды.

«Айқын» басылымында оңтүстік өңірлердегі жастардың солтүстікте білім алуына жеңілдік жасайтын жаңа бастама туралы мақала жариялады.

«Елімізде маусым айынан бастап, «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» атты мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырыла бастаған. Бұл оңтүстік облыстардың жастарын еліміздің солтүстік, батыс және шығыс аймақтарында білім алуына мүмкіндік беретін бағдарлама», - делінген «Солтүстікке барған баланы не күтіп тұр?» атты материалда.

«Өрлеу» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов бұл жоба бойынша, мектеп бітірген түлектердің солтүстік өңірлерде білім алуына мүмкіндік беріледі деген еді. «Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл өңірлерінде демографиялық көрсеткіш жоғары, алайда жұмыс орындары тапшы. Павлодар, Шығыс Қазақстан сияқты аймақтарда керісінше, зауыт, фабрикалар көптеп салынып жатқанымен, жұмыс күші жетіспейді. Бағдарлама осы олқылықтың орнын толтырады» деген еді Мұрат Әбенов», - дейді газет.

«Қарағандыдан табылған құнды қазына» атты кезекті мақаласында «Айқын» басылымы Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі Бұқар жырау ауданы, Үміткер ауылдық округі, Үлгі ауылына қарасты Қарақойтас қорымында жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жайында сөз қозғайды.

Қазба барысында қола, яғни ерте темір дәуіріне, түрік кезеңіне жататын 3 қорған зерттелді. «Нәтижесінде алтын сырғаның салпыншағы, қыш ыдыстардың сынықтары, ат-әбзелдері, әшекейленіп жасалған сүйектер, тас бойтұмар сынды тарихи құнды жәдігерлер табылды.

Сонымен бірге, ат жүгенінің күміспен қапталған үш түрлі қола жапсырмалары табылады. Бірі - қасқырдың басы пішіндес болса, екіншісі - қанжардың ұшы тәрізді сүйірленіп жасалған, үшіншісі шеңбер пішіндес болып келген. Адамның мойын омыртқасы маңынан тастан жасалған көк бой тұмар табылды», - делінген мақалада.

Полиция қызметкері Жансерік Дәуренбековтің қатысуымен болған аты-шулы жол-көлік оқиғасынан кейін Қарағанды облысының ІІД қатарын тазарту ауқымды шарасы басталып кетті, деп жазады ресми тілде жарияланатын «Экспресс К» газеті.

«Еске сала кетейік, 24 тамызда Топар - Жартас тасжолында 30 жастағы Қарағанды Ішкі істер басқармасы Оңтүстік-шығыс бөлімшесі бастығының орынбасары Жансерік Дәуренбеков қыз баланы қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан болатын. Өкінішке орай, дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Анықталғанындай, полиция қызметкері оны өзінің қызметтік көлігімен қағып кеткен, оның үстіне біршама қызып алған көрінеді. Сот шешімі бойынша Жансерік Дәуренбеков екі айға қамауға алынды және жұмысынан босатылды. Сонымен қатар Қарағанды Ішкі істер басқармасы Оңтүстік-шығыс бөлімшесінің бастығы мен оның кадрлық істер жөніндегі орынбасары қызметтерінен қуылды», - делінеді мақалада. Толығырақ «ДВД Карагандинской области обезглавили» атты мақаладан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар