Солтүстік Аралдың су айдыны 870 шаршы шақырымға ұлғайып, тұздылығы екі есеге кеміді

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан Солтүстік Аралды қалпына келтіру тәжірибесін Түркияның Анталья қаласында өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясында (COP31) таныстырды, деп хабарлайды ҚР су ресрустары және ирригация министрлігіің баспасөз қызметі.

Солтүстік Аралдың су айдыны 870 шаршы шақырымға ұлғайды
Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Панельдік сессияда Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының нәтижелері мен Солтүстік Аралды қалпына келтіруге бағытталған жаңа бастамалар туралы баяндады.

Іс-шара министрліктің бастамасымен су экожүйелерін қалпына келтіру және Солтүстік Арал теңізін қайта жандандыру тәжірибесіне арналған панельдік сессия аясында ұйымдастырылды.

Вице-министрдің айтуынша, Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылған жобаның бірінші кезеңі нәтижесінде Көкарал бөгетінің салынуы Солтүстік Аралдың су айдынын 870 шаршы шақырымға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар судың тұздылығы шамамен екі есе төмендеді.

Сондай-ақ қатысушыларға «Солтүстік Арал теңізі және ирригация жүйелерін жаңғырту» кешенді жобасы таныстырылды. Ол суару инфрақұрылымын жаңғыртуды көздейді. Жобаның бірінші кезеңі 2027–2030 жылдарға жоспарланған және Дүниежүзілік банктің қарызы есебінен іске асырылады.

Бұдан бөлек, Қазақстан халықаралық ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын ұсынды. Олар – тәжірибе алмасу, су экожүйелерін қалпына келтіруді тұрақты қаржыландыру және нақты нәтижелерге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру.

-Солтүстік Аралды қалпына келтіру – бұл тек инженерлік жоба ғана емес, сонымен қатар экожүйені қалпына келтіруге және өңірдің тұрақтылығын арттыруға бағытталған кешенді жұмыс. Біздің тәжірибеміз инженерлік шешімдер суды ұтымды пайдаланумен ұштасқанда ғана тұрақты нәтиже беретінін көрсетеді. Қазақстан Солтүстік Аралды қалпына келтіру тәжірибесін бөлісуге және басқа өңірлерде қолдануға болатын тәсілдерді бірлесіп зерделеуге дайын, – деді Арсен Жақанбаев.

Айта кетейік, осыған дейін Түркияда Қазақстанның Арал маңы экожүйелерін қалпына келтіру тәжірибесі таныстырылды.