Солтүстік Еуропадағы су тасқыны: бірқатар аймақтарда жауын-шашын рекордтық деңгейге таяған
Еуропада өткен жаз мезгілі тарихтағы ең ыстық жаздың бірі болды. Енді күз мезгілі де әдеттен тыс жауын-шашынды болып өтіп жатыр, деп хабарлайды Каzinform агенттігі Еuronews-ке сілтеме жасап.
Екі апта бойы толассыз жауған жаңбырдан кейін Францияның солтүстігіндегі бірқатар аудандар әлі де су астында қалып отыр. Пас-де-Кале департаментіндегі қалалар мен кенттерде су енді ғана тартыла бастады. Сарапшылар бұған осы аймақтағы батпақты жер және бейсенбі күні аймақтың үстінен өткен “Федерико” циклоны себеп екенін айтты.
Бірнеше мың тұрғын әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр, жүздеген үй жарықсыз қалды.
Бейсенбіде зардап шеккен аймаққа Франция премьер-министрі Элизабет Борн барып, табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетуге уәде берді.
Осыған ұқсас жағдай Бельгияның кейбір аймақтарында, әсіресе Фландрияда байқалады.
Толассыз жауған жаңбыр мен су тасқынынан ең көп зардап шеккендердің қатарында шаруалар да бар. Зиянның толық құнын бағалау үшін уақыт қажет.
Ал Копенгагенде сорғылар істен шыққаннан кейін маңызды магистральдарды су басқан.