Солтүстік Қазақстан облысы көктемгі су тасқынына дайындалып жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы көктемгі су тасқынына дайындалып жатыр. Биыл 87 елді мекенді су басу қаупі жоғары.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде көктемгі су тасқынына дайындық барысы айтылды. СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығы Ерік Сарыбаевтың айтуынша, ведомство 24 қаңтардан бастап күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті.
«Топырақтағы күзгі ылғал көпжылдық нормадан 67 % артық, қардағы су қоры да 147 мм дейін жетеді. Бұл өте көп. Сондықтан 5 мың тұрғыны бар 87 елді мекен бақылауға алынды. Су басу қаупі бар аймақтарды облыс әкімімен бірге аралап, жағдайды көрдік. Тиісті шаралар қолға алынып жатыр», - дейді Ерік Сарыбаев.
Су тасқынымен күреске күш құрылымдарынан 500-ге жуық адам, 134 техника дайын тұр. Оның ішінде тұрғындарды эвакуациялауға арналған 10 арнайы машина, жол таңдамайтын 6 көлік, жүзу құралдары, мотопомпалар бар.
«Облыстық бюджеттен «КазАвиаСпас» АҚ тікұшақтарын су тасқыны кезінде пайдалануға 130 млн теңге бөлінді. Былтыр заманауи ұшақсыз ұшу аппараты сатып алынды, оның көмегімен күнделікті мониторинг жасалып, қажет болған жағдайда іздеу жұмыстарына қолданылады. Бұдан бөлек тағы осындай 9 аппаратты аудандар сатып алды. Айыртау, Ғ.Мүсірепов атындағы және Уәлиханов аудандарындағы өзендерде 11 млн теңге мұз жару жұмыстарына бөлінді, тиісті келісімшарттар жасалды», - дейді департамент басшысы.
Жергілікті атқарушы органдар да көктемгі су тасқынына әзірленіп жатыр. Қажет болған жағдайда 1,5 мың адам көмекке келмек, осы мақсатқа 1,1 мыңнан астам техника дайындалды. Жақында тағы 58 мотопомпа алуға қаржы бөлінді.
«Қазіргі уақытта 87 тонна жанар-жағар май, 9 мың тонна инертті материал, 38 мың қап әзірленді. Су басқан елді мекендерден эвакуацияланған тұрғындарды уақытша орналастыруға 242 пункт бар. Жыл басынан бері облыс бойынша 700 мың текше метр қар шығарылды. Қарды шығаруға, жолдарды таза ұстауға қосымша қаржы бөлініп жатыр, тек ақпан айында ғана 600 млн астам теңге бөлінді, бұл тағы 400 мың текше метр қар шығаруға мүмкіндік берді», - дейді Ерік Сарыбаев.
Ведомство басшысы Петропавлдағы Заречный кенті бойынша да түсінік берді.
«Заречный кентінің шеткері көшелеріне 2017 жылы су кірді. Содан кейін арнайы жалдар салынып, су жолдары жабылды. Биыл оны бекіту және биіктету жұмысы жүргізіледі. Облыс орталығы маңындағы саяжай учаскелері де су басу аймағында, барлығы 5 мың учаске, оларды судан қорғау мүмкін емес», - дейді Ерік Сарыбаев.