Солтүстік Қазақстан облысында 219 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 219 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Қанат Дүзелбаев айтты.

Су тасқыны
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

«Облыстағы су тасқынына қатысты ахуал әлі де күрделі болып тұр. Сергеевка су қоймасының толуы 182 пайызды құрайды. Есіл өзенінің жайылмасында кептеліс орын алған жоқ. Су қоймасына аққан су – 425 см. 3 аудан мен Петропавл қаласын су басу қауіпі төніп отыр. Су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Қар жамылғысы 30 пайызға дейін жетеді. Әлі де 219 елді мекенді су басу қауіпі жоғары. 40 үйдің 13-ін су басып қалған. 286 адам эвакуацияланып, 44 адам үйлеріне қайтарылды. 111 үйдің маңын су басты», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, Төтенше жағдайлар минстрлігі Түркістан, Қарағанды және Павлодар облыстарынан 177 адам, 27 бірлік техника, 10 бірлік жүзу құрылғысы және 48 бірлік мотопомпа жіберді. Кеше кешкісін Қорғаныс министрлігінен 313 әскери қызметші жетті. Қолда бар ауыр техникалар аудандарға жөнелтілді. Сонымен қатар, ұйымдарға бекітілген техникалар да жұмылдырылуда.

«Жолдардың бойында 59 су тасу тіркелсе, оның19-ы әлі де қауіпті жағдай есебінде. Жол төсемінің 7 учаскесінде қазу жұмыстары жүргізілді. Суды сору, арықтарды тазару, каналдарды кеңейтіп, тереңдету жүргізіліп жатыр. 80 мың дана құмқап дайындалып, оның 41 мың данасы төселді. Төтенше жағдайға жеке құрамнан 1 874 адам, 1 154 еріктілер, 286 бірлік техника, 146 мотопомпа және 20 жүзу құрылғысы жұмылдырылды. Тіршілікті қамтамасыз ету мекемелері қалыпты жұмыс істеуде. Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданындағы елді мекендердің айналасындағы қорғаныс бөгеттері күшейтілуде. Сонымен қатар бүгіннен бастап Тайынша ауданында өтемақы алуға өтінімдер қабылдау басталды», - деді Қанат Дүзелбаев.