Солтүстік Қазақстан облысында 3,2 мыңнан астам үй су астында қалып отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 3,2 мыңнан астам үй су астында қалып отыр. Бұл туралы СҚО ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев айтты.

«Қазіргі уақытта облыс аумағындағы жағдай күрделі болғанымен тұрақты. Сергеев су қоймасы 169 пайызға толып, су бөгет бөгет ернеуінен 3 метр 60 см асып-төгіліп жатыр. Бөгетке келіп жатқан су көлемі азайып келеді, тәулік ішінде 3 см төмендеді. Есіл ауданының Покровка селосындағы гидробекетте су деңгейі 27 см көтерілді. Алайда үйлерді жаңадан су басу деректері тіркелген жоқ. Петропавл қаласында тәулік ішінде су деңгейі 4 см, РФ-мен шекарадағы Долматово ауылында 5 см төмендеді. Яғни, алғашқы толқынның суы кетіп, оның орнына екіншісі келіп жатқанын көрсетеді. Қазгидромет мамандарының болжауы бойынша екінші толқын бірінші толқындай көп су әкелмейді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның дерегінше, СҚО-да тасқын басталғаннан бері 3 419 үйді су басты, 196 үйден су кетті. Қазіргі сәтте, 3 223 үй және 1 115 үй маңындағы аула суда тұр. Жалпы, облыс бойынша 14 388 адам, оның ішінде 3 596 бала эвакуацияланды. 764 адам, оның ішінде 200 бала үйлеріне оралды. Эвакуациялық пункттерде 906 адам (оның 159 бала) бар. 12 718 адам (3 237 бала) туысқандарының үйінде. 5 323 бас мал қауіпсіз жерге шығарылды.
ТЖ жоюға барлық күштер жұмылдырылған. Су тасқынына қарсы іс-шараларды орындауға қазір СҚО ТЖД, ТЖМ-нің Астана, Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау, Абай облыстарының, ҚР Қарулы күштері тартылған.
«Облыстың аудандары мен Петропавл қаласындағы су тасқынына қарсы штабтары тәулік бойы қызмет атқаруда. Су тасқынының жағдайы тұрақты бақылауда», - деді Евгений Журавлев.