Солтүстік Қазақстанда қауіпті бактерия табылған 75 келі ет жойылды

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында «Сапалы өнім» жобасы аясында адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін бактериялар анықталған 75 келі мұздатылған ет жойылды, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.

Солтүстік Қазақстанда қауіпті бактерия табылған 75 келі ет жойылды
Фото: ҚР сауда және интеграция министрліг

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, тұтыну нарығына жүргізілген мониторинг барысында Аққайың ауданындағы жеке кәсіпкерден зертханалық талдау үшін ет сынамасы алынған. Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтың зерттеу нәтижесінде өнім құрамынан Listeria monocytogenes бактериялары анықталды.

Бұл бактериялар адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты ветеринариялық бақылау органдарының, ветеринариялық қызмет өкілдерінің және өнім иесінің қатысуымен комиссия құрылды. Комиссия шешімімен 75 келі ет арнайы пеште өртелді.

«Сапалы өнім» жобасы еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – тауар сапасына қоғамдық бақылауды күшейтіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау.

Солтүстік Қазақстан облысында бұл бағыттағы жұмысты Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы мен қоғамдық бірлестіктер бірлесіп жүргізіп жатыр.

-Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің бірлескен жұмысы заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Дегенмен кәсіпкерлер сататын өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне жауапты екенін түсінуі керек, – деді облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ильясов.

«Сапалы өнім» жобасы аясында еліміздің барлық өңірінде тұтыну нарығына мониторинг жүргізу жалғасып жатыр.

Қызылордада 70 өнім таңбалау талабына сай болмай шықты.