Солтүстік Корея бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды
АСТАНА. Kazinform – Солтүстік Корея бүгін, 14 қаңтарда Жапон теңізіне қарай бірнеше қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымырандарды ұшырды. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның Yonhap ақпарат агенттігі елдің қарулы күштерінің бас штабына сілтеме жасап хабарлады, деп жазады DW.

Штаб бастықтары біріккен комитетінің (ШББК) хабарлауынша, ұшыру Чагандо провинциясының Канге қаласынан жергілікті уақыт бойынша шамамен 9.30-да тіркелген. Зымыран теңізге құлағанға дейін 250 шақырымдай ұшып өткен. Оңтүстік Корея әскерилері КХДР ұшырған зымырандардың санын нақтыламады.
Сеул ұшыруды Пхеньянның кезекті арандатуы деп санайды.
– Қысқа қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандардың ауқымын ескере отырып, олардың көздеген нысаны Оңтүстік Корея болып табылады, – деп атап өтті Yonhap.
ШББК ұшыруды Корей түбегіндегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретін «ашық арандатушылық» деп атады және Пхеньян «қате шешім» қабылдаған жағдайда толық дайын болуға уәде берді. Оңтүстік Корея әскерилері дайындық кезінде «бақылау мен қырағылықты арттырып, Солтүстік Кореяның зымырандары туралы ақпаратты АҚШ және Жапониямен бөліскенін» мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Корея биыл алғашқы зымыранын ұшырғанын жазған едік.