Солтүстік пен орталықта күндіз 10–17 градус жылы болады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазгидромет 8–10 қазанға Қазақстан бойынша ауа райы болжамын жариялады.
8–10 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болып, жаңбыр жауады. Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр аралас қар жауады, шығысында көктайғақ болады. Тек республиканың батысы мен оңтүстігінде антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республика бойынша жел күшейіп, түнгі және таңертеңгі уақытта тұман басады.
Елдің батысында түнде ауа температурасының негізгі фоны +5+16°С, күндіз +17+22°С-тан +22+27°С-қа дейін жоғарылайды.
Солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта түнде ауа температурасы +3+13°С-тан -1-6°С-қа дейін төмендейді, күндіз ауа температурасының негізгі фоны +10+17°С болады.
Шығыста түнде ауа температурасының негізгі фоны 0,+8°С, күндіз +10+15°С-тан +2+7°С-қа дейін төмендейді.
Оңтүстікте және оңтүстік-шығыста түнде ауа температурасының негізгі фоны +3+10°С, таулы аудандарда 2°С-қа дейін үсік күтіледі. Күндіз ауа температурасы +17+25°С, таулы аудандарда +12+17°С болады.