16:35, 14 Қазан 2013 | GMT +5
Сомали қарақшыларының көшбасшысы Бельгияда тұтқындалды
АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат - Сомали қарақшылары тобының көшбасшысы, Афвейн лақап атымен танымал Мохаммед Абди Хассан Брюссельдегі халықаралық әуежайда полиция қызметкерлерінің қолына түсті.

М.Хассан Кенияның Найроби қаласынан келген ұшақ бортынан түскен кезде ұсталды. Осыдан кейін күдікті Бельгияның Брюгт қаласына жеткізіліп, судья оны қарақшылық жасау күдігімен тұтқынға алу туралы шешім қабылдады.
БҰҰ баяндамаларында Афвейн мен оның ұлы соңғы жылдары Сомали жағалауларында қарақшылықпен айналысатын ең танымал әрі қуатты қарақшы ретінде аталады. Сарапшылардың бағалауынша, ол 2005 жылдан бері қарақшылық кәсібімен миллион доллар пайда тапқан.
М.Хассанның Бельгияға не үшін келгендігі белгісіз. Дегенмен, өткен жылы қарақшылар басшысы өзінің арам істерін қойып, саясатқа бет бұратындығын мәлімдеген еді.