Сомали тұрғындары банкоматты бірінші рет көрді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сомали астанасында елдегі бірінші банкомат пайда болды. Алайда тұтынушылар аппаратты пайдаланудың қиындығын сезінуде, себебі олардың көпшілігі банкоматты өмірлерінде бірінші рет көріп тұр. 1988 жылы азаматтық соғыстың басталуына байланысты Сомалиде банк жүйесі дамымай қалған.
Банкоматты Salaam Somali Bank Могадишоның орталығындағы қонақ үйлердің бірінде орнатқан. Құрылғы тек Америка долларын ғана береді, себебі ұлттық валюта - Сомали шиллингі тез құнсызданып жатыр, деп хабарлады BBC News.
Бірінші банкоматтың прототипі 1939 жылы пайда болған. Оны АҚШ-та Лютер Джордж Симджян жасап шығарған. Құрылғы ақшаны қолма-қол беріп отырған, бірақ аппарат банкпен байланысы болмағандықтан, оларды жеке есепшоттан шығарып тастай алмаған. Симджян өзінің жасап шығарған құрылғысын City Bank of New York-ке пайдаланып көруге ұсыныс жасаған, алайда жарты жылдан кейін банкирлер машинаны қайтарып беріп, оның қажеттілігі жоқ екенін айтқан. Симджянның ойлап тапқаны 30 жылға жуық ұмыт қалды, ол 1960 жылдардың соңына қарай қайта өңделіп жасалды.
Бүгінде әлемде 2,5 миллионға жуық банкомат жұмыс істеп тұр.