Сомалиде 3,3 миллионнан астам адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды

АСТАНА. KAZINFORM — Сомалиде құрғақшылық, су тасқыны және зорлық-зомбылық салдарынан тұрғындар үйлерін тастап, басқа жерлерге көшуге мәжбүр. Бұл елдегі гуманитарлық жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Бұл туралы БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы (OCHA) мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа.

Сомалиде 3,3 миллионнан астам адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды
Фото: Anadolu

Қазір ел бойынша 3,3 миллионнан астам адам қоныс аударған. Олардың басым бөлігі — әйелдер, балалар мен қарттар. БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі агенттігінің деректеріне сүйенген OCHA мәліметінше, қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 800 мыңнан астам адам үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың 70 пайызына құрғақшылық себеп болды.

Ведомствоның ескертуінше, Эль-Ниньо құбылысына байланысты болжанып отырған су тасқыны желтоқсанға дейін жүздеген мың адамның қоныс аударуына әкелуі мүмкін.

Тек өткен айда су тасқынынан 17,5 мыңнан астам адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр болса, табиғи апат 170 мыңнан астам тұрғынға әсер еткен. Сонымен қатар қыркүйек пен қазан айларында Бай және Бари өңірлеріндегі зорлық-зомбылық салдарынан шамамен 9,5 мың адам қоныс аударған.

— Халықтың қоныс аударуы адамдардың зорлық-зомбылыққа, қанауға және қатыгездікке ұшырау қаупін арттырады. Әсіресе әйелдер мен қыздар, балалар, мүмкіндігі шектеулі адамдар және қоғамдағы саны аз топтардың өкілдері осал жағдайда қалады, — делінген құжатта.

Халықаралық Қызыл Крест комитетінің (ХҚКК) мәліметінше, Оңтүстік-Батыс федералдық штатына қарасты Бай және Бакул өңірлері азық-түлік тапшылығынан ең көп зардап шеккен аймақтардың қатарында. Наурыздан бері күшейген қарулы қақтығыс құрғақшылықтың зардабын әлі тартып отырған жергілікті тұрғындардың жағдайын одан әрі қиындатуы мүмкін.

— Халықтың жаппай қоныс аударуы, азық-түлік тапшылығы және гуманитарлық көмектің қысқаруына байланысты медициналық көмекке қолжетімділіктің шектелуі, соның салдарынан емханалардың жабылуы жағдайында алдағы жаңбыр онсыз да қиындық көріп отырған отбасыларға қосымша ауыртпалық түсіруі мүмкін, — деп мәлімдеді Халықаралық Қызыл Крест комитетінің өкілдері.

OCHA гуманитарлық көмекті қаржыландыру тапшылығы салдарынан Сомалиге көрсетілетін көмектің көлемі қысқарып жатқанын хабарлады. Қаржының жетіспеуіне байланысты азық-түлік көмегін алатындар саны қаңтардағы 1,1 миллион адамнан маусымда шамамен 600 мың адамға дейін азайған.

Биыл қаржы тапшылығына байланысты 233 тамақтандыру пункті мен 380 медициналық мекеме жабылған немесе көрсететін қызмет көлемін қысқартқан. Ал Сомалиге арналған гуманитарлық көмек жоспарына қажетті 852 миллион доллардың әзірге 36 пайызы ғана қаржыландырылған.

Бұған дейін БҰҰ Газада 2 миллионға жуық адам баспанаға мұқтаж екенін хабарлады.