16:33, 10 Маусым 2023 | GMT +5
Сомалиде ескі бомбаның қалдықтары жарылып, 22 бала мерт болды
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Сомали ұлттық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жұма күні Сомалидің Төменгі Шабелле аймағында ескі бомбаның қалдықтары жарылып, кем дегенде 27 адам қаза тапқан. Марқұмдардың көбі - балалар, деп хабарлайды CNN.
SONA агенттігінің хабарлауынша, жарылыстан кемінде 53 адам жараланған.
«Оқиға Төменгі Шабелле аймағының шығысындағы Жанаале ауданы Мурале ауылында болды» делінген хабарламада.
Анадолы агенттігі хабарлағандай, жергілікті билік өкілі жарылыстың балалар ойнап жүрген саябақта болғанын мәлімдеген.
Билік жарылысқа «Аш-Шабаб» террористік ұйымы жауапты деп санайды.
«Аш-Шабаб» содырлары өз кезегінде Африка одағы бітімгершілік миссиясының сарбазы тастап кеткен қол гранатасы жарылғанын айтты.