Соңғы 22 жылда ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия 150 есе артқан
АСТАНА. KAZINFORM — Белгілі аграрлық сарапшы, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков кейінгі 22 жылда ауыл шаруашылығына бюджеттен бөлінетін субсидия көлемі 150 есе өскенін айтады.
«Жалпы ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп отыр. Субсидияның өзі 500 млрд теңгеге жетті. Мысалы, 2002 жылы салаға бөлінетін субсидияның көлемі 3,5 млрд теңге болатын. Содан бергі 22 жылдың ішінде 150 есе өсті. Ол кезде 1 доллар 150 теңге болса, қазір 450-ден жоғары дегеннің өзінде инвестиция үш есе артқан. Яғни, субсидияның артуы инвестициядан мүлде алда. Бірақ осы субсидия үлестіру ережесін күрделі түрде өзгерту керек. Қазір арзандатылған несие мен субсидияға фермерлердің 5 пайызы ғана қол жеткізіп отыр. Олар — билікке жақын, әкімге жақын ірі фермерлер. Ал 95 пайыз ұсақ шаруашылықтардың мұрнына ол қаражаттың иісі де барып жатқан жоқ», — дейді сарапшы.
Оның пайымдауынша, субсидия үлестірудегі әділетсіздікті жою үшін ережені өзгерту керек.
«Ауыл» партиясы «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заң жобасына да, Агробанк құру туралы ұсыныстарында да осы мәселені көтеріп жүр. Бес жылдан бері ол ұсыныстарымыз қолдау таппай келеді. Біздің партияның Мәжілістегі 8 депутат басым дауысқа ие бола алмағандықтан айтқанымыз орындалмай жатыр. Парламенттегі өкіліміз көп болғанда осы ұсыныстар іске асар ма еді», — дейді Төлеутай Рахымбеков.