Соңғы 3 жылда Қазақстанның пойыздарында қанша сәби дүниеге келді

пойыз
Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – «Жолаушылар тасымалы» АҚ соңғы үш жыл ішінде пойыздарда дүниеге келген сәбилер туралы мәлімет жариялады.

«2021 жылдан 2024 жылға дейін пойыз ішінде 11 сәби дүниеге келді. Ондай сәтте жолсеріктер, жылжымалы құрам қызметкерлері, пойыз бастықтары босануға тікелей қатысады»,- деп жауап берді компанияның баспасөз қызметі.

Ақпаратта айтылғандай, пойыз бригадасының қызметкерлері қажет болған жағдайда алғашқы көмек көрсетеді және олар арнайы курстан өткен.

Айта кетейік, биыл 9 қаңтарда ақтөбелік келіншектің «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы пойызда босанғаны туралы хабарлаған едік.

«Мен балам үшін қатты қорықтым. Алайда пойыз қызметкерлері маған осындай жағдайда көмек көрсетіп, жанымнан кетпей, аман-есен босануыма септігін тигізді. Бұл күн біздің отбасымыз үшін естен кетпес сәттердің біріне айналды. Енді қызым есейген кезде бұл ерекше оқиғаны айтатын боламыз», - деді жас ана Айнагүл Тілеубергенова.

Ата-анасы дүние есігін ашқан нәрестенің есімін Малика деп қойған.

Соңғы жаңалықтар