Соңғы екі айда алты адам суға батып кетті – ТЖМ
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылдың 1 желтоқсанынан күні бүгінге дейін ел аумағында 6 адам судан ажал құшты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советов мәлім етті.
«Қыс түскелі халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. 2023 жылдың 1 желтоқсанынан бастап еліміздің су айдындарында 6 адам суға батып кетті. Оның ішінде 1 кәмелет жасына толмаған жасөспірім болды», - деді Алексей Советов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрлік мәліметіне сәйкес, Жетісу облысы бойынша 2 адам, Абай, Ақмола, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облысында 1 суға бату фактісі тіркелді.
Одан бөлек, қыс түскелі 59 адам құтқарылды, оның ішінде 4 кәмелетке толмағандар бар.
Азаматтық қорғаныс комитеті өкілінің айтуынша, қыстыгүні су айдындары мен мұзда жүру ережелерін сақтамаудың және елемеудің арты қайғылы оқиғаға алып келеді. Оны талдау нәтижесі көрсетіп отыр.