Соңғы екі тәулікте Жайық өзенінде су көтерілген жоқ
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында еріген қар суынан келетін қауіп жоқ. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұржан Төлеуіш мәлімдеді.

«Тәулік ішінде су деңгейі 1 см түсті, қазіргі деңгейі 8 м 63 см болып отыр. Бұл әлі де Жайық өзенінің қауіпті деңгейінен 13 см биік. Сол себепті облыс бойынша су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды түрде жалғасып жатыр», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде.
Обылстың 8 ауданында жағдай тұрақталса, 4 аудан және Орал қаласында қауіптің беті әлі сейілген жоқ.
«Жайықтың жағасын нығайту, биіктету, дамбы салу, қапшық төсеу жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Өткен тәулікте 27 адам эвакуацияланды, оның жетеуі – бала. Жалпы, өңірде 13 979 адам эвакуацияланды, оның 2441-і эвапункте орналасқан. Қазіргі уақытта облыста еріген қар суынан келетін қауіп жоқ», - деді Н.Төлеуіш.