Соңғы қоңырау: Ата-аналар қымбат банкеттен бас тартып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін еліміздің барлық мектебінде соңғы қоңырау соғылды. Осы кезеңде қоғамда «мектеппен қалай қоштасу керек?» деген сұрақ қайтадан өзекті бола түсті.

школьники последний звонок выпускники оқушылар соңғы қоңырау түлектер
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Соңғы жылдары қымбат банкеттер, автокортеждер, таңды қарсы алу мен заңсыз ақша жинау мәселесі жиі талқыланып келеді. Биыл Оқу-ағарту министрлігі қауіпсіздік мәселесін басты орынға қойып, мектеп бітіру іс-шараларына қатысты талаптарды тағы да күшейтті.

Жібек Нұржан
Фото: видеодан алынған скрин

– Негізгі мақсат – балалардың қауіпсіздігі, өмірі мен денсаулығын сақтау. Сондықтан мейрамханалардағы банкеттер, автокортеждер, таңды қарсы алу, табиғат аясындағы бақылаусыз жиындар секілді форматтарға тыйым салынып отыр. Ал балалардың ұстаздарына, ата-аналарына алғыс айтып, шығармашылық форматта қоштасуына ешқандай шектеу жоқ. Өлең, ән, би, театрландырылған қойылым, бейнебаян – барлығы қолдау табады, - деді Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің бас сарапшысы Жібек Нұржан.

Ведомства мәліметінше, мектептерде ата-аналардан ақша жинауға да қатаң тыйым салынады.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, білім беру ұйымдарында кез келген мақсатта, оның ішінде соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештеріне ақша жинауға болмайды. Сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес құны 2 АЕК-тен асатын сыйлықтарды немесе жеңілдіктерді беруге жол берілмейді. Мұндай жағдайда ӘҚБтК-нің 676-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.

Министрлік ата-аналар мен оқушылардан қаражат жинау сыбайлас жемқорлық тәуекеліне жол ашатын заңсыз әрекет екенін ескертеді.

Биыл Елорда мектептері де мейрамханадағы бітіру кешінен бас тартқан.

Гүлнұр Айтымова
Фото: Гүлнұр Айтымованың жеке мұрағатынан

– Біз ата-аналармен сөйлесіп, ең алдымен қауіпсіздік мәселесін көтердік. Бұған дейін салтанатты жиыннан кейін кейбір ата-аналар балаларын мейрамханада қалдырып кететін жағдайлар болған. Сондай кезде баланың қауіпсіздігіне кім жауап береді деген мәселе туындайды. Сонымен қатар әр отбасының жағдайы әртүрлі. Қымбат көйлек, макияж, шаш үлгісі, мейрамхана – мұның бәрі кей ата-аналарға ауыр салмақ түсіреді. Осыны талқылай келе, ата-аналар өздері ортақ шешім қабылдап, қымбат кештен бас тартты, - дейді №8 мектеп-лицей директоры Гүлнұр Айтымова.

Оның сөзінше, мектеп бітіру міндетті түрде даңғазалы форматта өтуі керек емес.

– Біз соңғы қоңырау мен аттестат табыстау рәсімін есте қаларлықтай әрі тәрбиелік мәні бар форматта өткізуді жөн көрдік. Балалар ұстаздарына арнап ән айтып, би билеп, театрландырылған қойылымдар дайындап жатыр. Мұғалімдердің де оқушыларға арналған тосынсыйлары бар, - деді Гүлнұр Айтымова.

Мектепте бірнеше жылдан бері түлектердің ағаш егу дәстүрі қалыптасқан. Биыл 70 түлек мектеп ауласына 70 декоративті ағаш еккен.

– Бұрынғы түлектердің өзі де келіп, кезінде еккен ағаштарының жағдайын сұрап жатады. Біз балаларға мектеппен байланысты тек сауық кеш емес, осындай пайдалы істер арқылы да сақтауға болатынын түсіндіреміз, - дейді директор.

Ал мектеп түлегінің ата-анасы Әсел Қалиеваның пікірінше, мектеп бітіру кешінің басты құндылығы – сән-салтанат емес, баланың қауіпсіздігі мен саналы болашағы.

– Біз қымбат банкеттен әдейі бас тарттық. Қазір түрлі келеңсіз жағдайлар көп болып жатыр. Сондықтан балаларымызды той-томалаққа емес, білімге, ғылымға, өнерге бағыттауды маңызды деп санаймыз. Қарапайым, шынайы атмосферадағы кештің тәрбиелік мәні әлдеқайда жоғары. Ең бастысы – баланың амандығы, - деді ол.

Министрлік өкілдері мектеппен қоштасудың қауіпсіз әрі мазмұнды форматтарын қолдайтынын айтады. Соңғы жылдары көптеген мектепте ағаш егу, болашақтағы өзіне хат жазу, естелік кітап алмасу секілді дәстүрлер пайда болған.

Айта кетейік, биыл оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтады.