Соңғы минутта соғылған гол Бразилияны әлем чемпионаты 1/8 финалына алып шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында плей-офф сатысында Бразилия құрамасы Жапонияны соңғы минутта жеңіп, 1/8 финалға жолдама алды.
Әлем чемпионатын тамашалап жүрген жанкүйерлер бұл кездесуде Бразилия құрамасына басымдықты беріп қойған еді. Қазірге дейін бес мәрте жеңіс тұғырына көтерілген Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері плей-офф сатысынан аса алмауы сенсациялық болуы әбден мүмкін. Десе де жапониялық футболшылар кездесу алдында тәжірибелі қарсыласына лайықты төтеп беретінін мәлімдеді.
Кездесу барысында бразилиялық құрама алғашқы минуттан тізгінді өз қолына ұстауға тырысты. Соған қарамастан Азия құрлығынан келген футболшылар қарсы шабуылға шығып тұрды. Осындай сәттердің бірінде олардың қатарынан Каисю Сано 29-минутта мүмкіндігін мүлт жібермей, өз құрамасын алға шығарды. Бірінші кезеңде бразилиялық футбтболшылар таразы басын теңестіре алған жоқ.
Екінші кезеңде олар дәл осы қарқында ойынды өрбітті. Нәтижесінде 56-минутта Каземиро гол соқса, Габриэл Мартинелли 96-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Осылайша Бразилия қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, 1/8 финалға жолдама алды.
Айта кетсек, С тобында сынға түскен Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері өз тобында 7 ұпаймен бірінші орын алды. Алдымен Мароккомен 1:1 есебімен тең ойнап, одан қатарынан екі ойында Шотландия мен Гаитиді 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал Жапония F тобында Нидерландпен 2:2, Швециямен 1:1 есебімен тең ойнап, Тунисті 4:0 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде 5 ұпай жинап, өз тобында екінші орынға табан тіреді.
Екі құрама қазірге дейін он мәрте кездесті. Оның сегізінде бразилиялық футболшылар жеңіске жетсе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.
Енді 30 маусымда сағат 01:30-да Германия мен Парагвай жасыл алаңға шықса, 06:00-де Кот-д'Ивуар - Норвегия құрамалары кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын Канада 1/8 финалға берілген алғашқы жолдамаға ие болды.