Соңғы сәттегі дағдарыс: Израиль ХАМАС-пен жасалған келісім бойынша дауыс беруді кейінге қалдырды
АСТАНА. KAZINFORM – Бейсенбі күні Израиль премьер-министрінің кеңсесі ХАМАС-ты бірнеше мәселе бойынша өз ұстанымдарынан бас тартты деп айыптап, «соңғы сәтте дағдарыс» тудырды деп мәлімдеді. ХАМАС бұл айыптауларды жоққа шығарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің арнайы тілшісі.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесі үкіметтің атысты тоқтату туралы келісім бойынша дауыс беруін кейінге қалдырғанын мәлімдеді. Хабарламада ХАМАС кейбір келісімдерден бас тартқаны және кепілге алынғандарды босату туралы мәмілені аяқтауда «соңғы сәтте дағдарыс» тудырғаны айтылған.
— ХАМАС уағдаластықты бұзып, соңғы сәтте дағдарыс тудырып, келісімге қол жеткізуге кедергі келтіріп отыр. Израиль үкіметі ХАМАС келісімнің барлық элементтерін қабылдағаны туралы делдалдардан хабар алмайынш жиналыс өткізбейді, — делінген ағылшын және иврит тілдерінде жарияланған премьер-министр мәлімдемесінде.
ХАМАС жоққа шығарды
ХАМАС қозғалысының жоғары лауазымды өкілі Иззат әл-Ришек палестиналық топтың атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келісімнің кейбір бөліктерінен бас тартты деген айыптауларды жоққа шығарып, оның делдалдар кеше жариялаған келісімге адал екенін мәлімдеді.
— Нетаньяху қозғалыстың атысты тоқтату келісімінің шарттарынан бас тартып жатқаны туралы мәлімдемелері еш негізсіз, — деді ХАМАС-тың ресми өкілі Сами Абу Зухри.
Газа секторы әлі де оқ астында
Нетаньяху кеңсесінің мәлімдемесінен кейін Израиль әскері Газа секторына шабуылдарын күшейтті. Соның салдарынан соңғы 24 сағатта кемінде 81 палестиналық қаза тапты, деп хабарлайды анклавтың Денсаулық сақтау министрлігі.
Al Jazeera агенттігінің хабарлауынша, Газа секторының солтүстігіндегі Джабалия қаласына Израильдің шабуылынан кемінде 20 адам қаза тапқан. Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, атысты тоқтату туралы келісім жарияланғаннан бері Израиль шабуылдары салдарынан кемінде 72 адам қаза тапқан.
Еске сала кетейік, кеше атысты тоқтату режимі 19 қаңтар, жексенбі күні күшіне енеді деп жарияланған болатын.
Атысты тоқтату режимінің күшіне енуіне әлі 72 сағат қалғанда, тұрғындар алдағы сағаттарда қирау мен шығын көлемінің артуынан қауіптенуде.
Мәселе неде ?
Қатар мен АҚШ бұл келісімге келу процесінде делдал ретінде қатысып, кеше кешке уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлаған болатын. Алайда Израиль келісімнің әлі де шешілмеген тұстары бар екенін атап өтуде. Негізгі келіспеушіліктер палестиналық тұтқындарды босату мәселесіне қатысты туындаған.
Израиль премьер-министрі ХАМАС-ты «бұл қылмыскерлердің арасынан кім босатылатынын диктатурамен анықтауға тырысуда» деп айыптап, бұл алдын ала келісілген шарттарға қайшы келетінін айтуда. Келісім мәтінінде тұтқындарды босату «екі тараптың мақұлдаған тізімдері негізінде» жүргізілуі тиіс деп көрсетілген.
The Times of Israel басылымының хабарлауынша, Израильдің келіссөздер тобы әлі де Доха қаласында, атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келісімнің егжей-тегжейлерін аяқтап жатыр.
Биньямин Нетаньяху түпкілікті келісімге қол қойылмағанын және кейбір мәліметтердің әлі нақтыланбағанын айтып, бұл келісім туралы әлі ресми түрде жарияламады. Премьер-министр келісім толық аяқталғаннан кейін ғана халыққа үндеу жасайтынын мәлімдеді.
Коалицияға жік түсті ме ?
ХАМАС-қа тағылған айыптарға қарамастан, кейбір израильдік БАҚ дауыс берудің кейінге қалдырылуын қаржы министрі, ультраоңшыл «Діни сионизм» партиясының жетекшісі Бецалель Смотричті үкіметтен шықпауға көндіруге бағытталған соңғы әрекеттермен байланыстырады.
Израильдің Kan қоғамдық хабар тарату қызметі хабарлағандай, бейсенбі күні сағат 11:00-де өтеді деп жоспарланған үкімет отырысы бейсенбі таңында «Діни сионизм» партиясы ішіндегі талқылауларға байланысты кейінге қалдырылған. Партия мүшелерінің үкімет коалициясындағы болашағы туралы шешім қабылдау үшін жиналатыны туралы хабарланды.
Сондай-ақ, премьер-министр Биньямин Нетаньяху Смотрич өз партиясының бұл келісімге қарсы наразылық белгісі ретінде отставкаға кететіні немесе кетпейтіні туралы нақты жауап бермейінше, үкімет отырысын шақырмайтыны айтылды.
Оңшыл партияның жетекшісі Бецалель Смотрич сәрсенбі күні кешке бұл келісімді «жаман әрі қауіпті» деп айыптап, наразылық ретінде партияның үкіметтен шығуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Осыған дейін Израиль мен ХАМАС арасындағы келісімге не кедергі болып отырғаны туралы жазған едік.