Соңғы үш жылда Балқаш көліне 40 млрд текше метрге жуық су жіберілді

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы үш жылда Балқаш көліне шамамен 40 млрд текше метр су келіп түсті. Бұл көлдегі су деңгейін тұрақтандыруға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Іле-Балқаш өңірі Тұран жолбарысын қайта жерсіндірудің маңызды алаңына айналды
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Ведомство мәліметінше, 2024 жылы Балқаш көліне шамамен 15,9 млрд текше метр су жіберілген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 13,9 млрд текше метрді құрады. Ал биыл жыл басынан бері көлге 9,7 млрд текше метрден астам су келіп түсті.

Балқашқа су трансшекаралық Іле өзенінің ағынын реттейтін Қапшағай су қоймасынан жіберіледі. Биыл су қоймасы 98%-ға толса, алдыңғы екі жылда 100% деңгейіне жеткен.

– Іле өзені арқылы Балқашқа келетін су көлемі көпжылдық орташа көрсеткішке сай. Бұл көлдегі су деңгейін тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік беріп отыр. Қазір Балқаштың су деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша теңіз деңгейінен 341 метр белгісінде сақталуда. Сонымен қатар француз сарапшыларымен бірлесіп, Балқаш көлін 2040 жылға дейін сақтауға арналған бас жоспар әзірленіп жатыр. Далалық зерттеулер жүргізілді. Қазіргі уақытта алынған нәтижелерге талдау жасалып жатыр, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министрлік мәліметінше, Балқаш көлін сақтау жөніндегі бас жоспарды әзірлеу жұмыстары француз сарапшыларымен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта далалық зерттеулердің нәтижелері талдануда.

Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы сәуірге дейін Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне 3,7 млрд текше метр су жіберілгені хабарланған еді. Соның нәтижесінде көлдегі су деңгейі 29 сантиметрге көтерілген.