Соңғы 10 жылда елімізде порнография мәселесімен қозғалған қылмыстық іс 5 есеге артты - ІІМ

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жылда елімізде порнография мәселесіне қатысты қозғалған қылмыстық іс 5 есеге артқан.

Соңғы 10 жылда елімізде порнография мәселесімен қозғалған қылмыстық іс 5 есеге артты - ІІМ

Оның дені ғаламтордан келетін көрінеді. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «1923 жылғы 12 қыркүйекте Женевада жасалған, 1947 жылғы 12 қарашада Нью-Йорк, Лейк Саксесте қол қойылған Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулермен Порнографиялық басылымдар айналымының және оларды саудалаудың жолын кесу туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, былтыр елімізде порнографиялық сипаттағы 45 веб-сайт анықталған. «Ал биылдың өзіндегі екі айдың ішінде осындай 38 факті де тіркеліп отыр. Сондықтан да, аталған Хаттамаға қосылудағы басты себеп - порноиндустриямен бірлесе күресу. Біз осындай дүниені бизнес көзіне айналдырғандармен Хаттамаға қосылған 60 мемлекет аясында бірігіп күресіп, сол бағыттағы байланысты нығайтамыз. Сонымен бірге, әзірленіп жатқан жаңа Қылмыстық кодекс жобасында да бұл ескеріледі. Менің ойымша тиісті түзету жаңа кодексте көрініс табатын болады», - дейді министр Қ. Қасымов.