16:00, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Соңғы 10 жылда мұнай компаниялары 500 миллиардтан астам доллардың әлеуметтік жобаларын қаржыландырды
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Соңғы 10 жылда мұнай компаниялары Қазақстанның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 500 миллиард доллардан астам қаржы жұмсады.

Дегенмен, мұнай өндіруші аймақтар тұрғындарының әлеуметтік жағдайы әлі де төмен күйінде қалып отыр. Бұл туралы бүгін «Өндіруші компаниялардың әлеуметтік жобаларының тиімділігі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысында Сорос-Қазақстан қорының Kazakhstan Revenue Watch бағдарламасының директоры Антон Артемьев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, өткен жылы Сорос-Қазақстан қоры өндіруші компаниялар қаржыландырған әлеуметтік жобалардың тиімділігіне қоғамның, шенеуніктер мен өндіруші компаниялардың назарын аударту үшін зерттеу жүргізді. Оның нәтижелерін талқылау үшін бүгін үшжақты пікірсайысқа билік - ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары мен министрліктер өкілдері, мұнай өндіруші компаниялар және халықтың мүддесін қорғайтын - үкіметтік емес ұйымдар шақырылды. «Өндіруші кәсіпорындардан бөлінген әлеуметтік инвестициялар мемлекеттік қаржыландыруларды қайталамауы және алмастырмауы тиіс. Олар оны толықтырып, халықтың қажеттіліктеріне жауап беруі керек. Нақты қажетті жобалық ұсыныстарды талқыға салатын қоғамдық тыңдаулар өте сирек ұйымдастырылады. Ал жүзеге асырылып жатқан жобалардың әкімшілері бөлінген қаржының пайдаланылуына мониторинг жүргізбейді. Солай инвесторларға қаражаттың игерілуі жөнінде есеп берілмейді. Яғни әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуының мөлдірлігі көрінбейді», - дейді ол.Сондай-ақ оның айтуынша, жүргізілген тәуелсіз бағалаудың қорытындысы кейбір әлеуметтік жобалардың құны мәлімделген бағадан әлдеқайда төмен болғанын көрсеткен.