Соңғы 11 жылда АИТВ жұқтырған жасөспірімдер саны 10 есе өсті - министрлік
АСТАНА. ҚазАқпарат – Соңғы 11 жылда АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) жұқтырған 14-18 жастағы жасөспірімдер саны 10 есе өсті. Мұндай деректер ашық талқыға шығарылған 2023-2027 жылдарға арналған жастар саясатының тұжырымдамасы туралы құжатта келтірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) инфекциясын жұқтыратындар санының өсуі байқалатын әлемдегі санаулы елдердің бірі. 2010-2021 жылдар аралығында талдау нәтижесі бойынша АИТВ жұқтырған 14-18 жастағы жасөспірімдер саны - 10 есе, 19-24 жастағылар - 155 есе және 25-28 жастағылар арасында 70 есе ұлғаю үрдісінің бар екені анықталды», - деп жазылған тұжырмдамада.
Бұл мәселенің шешімі ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ерте жүктілік, жыныстық жолдармен берілетін аурулардың алдын алу, репродуктивті денсаулық саласындағы зерттеулерді арттыру жұмыстарын кешенді жолға қоюды ұсынады. Сонымен қатар, бұл бағытта жастарға жиі ақпарат тарату, ата-аналардың бала денсаулығынан хабардар болуын қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі.