Соңғы 11 жылда жұмысқа қабілеттілігінен айырылғандарға төленетін жәрдемақының көлемі 5 еседен астам өсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2005-2015 жылдар аралығында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысқа қабілеттілігінен айырылу жағдайына байланысты төленетін әлеуметтік жәрдемақының орташа көлемі 5,2 есеге өсіп, 10 761 теңгені құрады (2005 жылы - 2 070 теңге болған), асыраушысынан айырылу жағдайына қарай - 5,3 есеге ұлғайды (2 634 теңгеден 14 058 теңгеге дейін).
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен хабарланды.
Сонымен қатар, жұмысынан айырылу жағдайына байланысты төленетін МӘСҚ жәрдемақысы 7,3 есеге өсіп, 19 200 теңгені құрады, ал 2005 жылы 2 621 теңге болған еді.
Атап айтқанда, 2008 жылдан бастап жүктілік пен босануға байланысты, жаңа туған нәрестені (баланы) асырап алуға, 1 жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты МӘСҚ жәрдемақылары тағайындалып келеді. 7 жылдың ішінде жүктілік пен босануға, жаңа туған нәрестені асырап алуға байланысты кірісінен айырылуға төленетін жәрдемақы 1,8 есеге (167 568 теңгеден 301 252 теңгеге дейін) өсті, 1 жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты кірісінен айырылуға берілетін жәрдемақы - 2,2 есеге (9 557 теңгеден 20 729 теңгеге дейін) ұлғайды.