Соңғы 13 жылда елорданың жалпы өңірлік өнімі 50 еседен астамға өсті
АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Соңғы 13 жылда елрдадағы жалпы өңірлік өнім 50 еседен астамға өсті. Республикалық ЖІӨ-дегі үлестік салмағы бойынша Астана төртінші орын алады,
деп хабарлады pm.kz сайты.
1997 жылдан бері өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,2 млрд. теңгеден 2010 жылдың қорытындысы бойынша 111,3 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.
ҮИИД бағдарламасы бойынша индустриялық паркте «Talgo» жолаушылар вагондарын шығаратын зауыттың құрылысы, металл конструкциялар мен жиһаз шығаратын зауыт құрылысы, сондай-ақ көкөніс қоймасы мен логистикалық кешен құрылысы жобалары жүзеге асырылуда. 1997 жылдан бастап негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 21 есеге - 19,3 млрд. теңгеден 2010 жылғы 396,6 млрд. теңге көрсеткішке дейін өсті.
Қазір елордада шағын кәсіпкерліктің 26,9 мыңнан астам субъекті жұмыс істейді, ал экономиканың нақты секторында жұмыспен қамтылғандардың саны бірнеше есе өсіп, 137 мыңнан астам адамға жетіп отыр.
Елорданың қарқынды дамуы мен кешенді құрылысқа қомақты инвестициялар тартудың арқасында Астанада тұрғын үй құрылысының жоғары қарқыны қамтамасыз етілуде. 1997 жылдан бергі аралықта пайдалануға берілген тұрғын үй саны 20 еседен астамға артты, оның ішінде соңғы үш жылда жыл сайын 1,5 млн. шаршы метрге дейін тұрғын үй іске қосылды.
Осы аралықта елордада ауқымды құрылыстар жүргізілді: ескі қалада үлкен жаңарту жұмыстары жүзеге асырылса, сол жағалауда жаңа әкімшілік орталық пайда болды.