Соңғы 2 жылда еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін үндеулері бар мыңға жуық сайт қызметіне тосқауыл қойылды
Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан дін танушыларының ІІ Форумында ҚР Дін істері агенттігіне қарасты Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов айтты.
«Соңғы 2 жылдың ішінде Қазақстан Республикасының тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін үндеулері бар мыңға жуық сайттың қызметіне шектеу қойылды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, ҚР Дін істері агенттігінің сарапшылары сайттарға сараптама жасау кезінде қазақстандық сайттардың өзіндік ерекшіліктерін анықтаған. Мұндай сайттар негізінен діни ілім мен жергілікті дәстүр, ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін ұтымды пайдаланады. Мәселен, салафия, акида.кз сынды сайттар Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата секілді ата-бабаларымыздың зираттарына барып, құран бағыштауды Аллаға серік қосу деп, шелпек тарату секілді ислам дінімен сіңісіп кеткен дәстүрлерді дінге жаңашылдық енгізу деп айыптау арқылы интернет қолданатын жастар санасына өз ұлтының дәстүрі мен салтына жалпы ұлтына қарсы пікір қалыптастырады. Сондай-ақ салаф.кз, исламик.кз сайттарында Пайғамбардың туған күні Мәуліт мерекесін, Орталық Азия халықтарының Наурыз мейрамдарын рұқсат етілмеген амалдар, күнә істер деп бағалауда.
«Осы көріністердің өзі аталған сайттардың экстремистік белгісі деп түсіну керек», - деді А.Әбуов.