Соңғы 2 жылда Қазақстанның өңделген тауарлар экспорты рекордтық көрсеткішке жетті - Ә. Исекешев

АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда шикізаттық емес экспорт бойынша Қазақстан тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр.

  Соңғы 2 жылда Қазақстанның өңделген тауарлар экспорты рекордтық көрсеткішке жетті   - Ә. Исекешев

2011 жылы 22 млрд доллар көлемінде өңделген тауарлар экспорты жүзеге асты. Осылайша соңғы 2 жыл ішінде өңделген тауарлар экспорты 85 пайызға өсті.   Бұл туралы бүгін Мәжілісте «2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысы» тақырыбында өткен Үкімет сағаты кезінде Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

«Өңделген тауарлар экспорты негізінен 121 елге жолданып, елдер саны 15-ке ұлғайды. Біз дәстүрлі түрде жолға қойылып келген тыңайтқыш, болат өнімдерінің экспортынан басқа, жаңа бағыттарды да бағындырдық. Мәселен, аккумулятор экспорты 2,4 есеге артып 47 млн. долларды құрады», - дейді министр.

Оның айтуынша, подшипниктер экспорты 1,6 есеге, мыстан жасалған сымдар экспорты 1,4 есеге, ал сары фосфор экспорты 1,4 есеге өскен. Тәжікстан мен Қырғызстанға цемент экспорты 17 пайызға артып, 19 млн. долларға жетті.