14:45, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Соңғы 20 жыл көлемінде әлемдегі биоотын өндірісі 12 есеге дейін артты ? А. Күрішбаев
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соңғы 20 жыл көлемінде әлемдегі биоотын өндірісі 12 есеге дейін артып отыр.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасын талқылау барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасын әзірлеу барысында әлімдік тәжірибе зерделенді. Бүгінгі жағдайға келетін болсақ, қазіргі әлемдік мұнайға баға төмендеген кезеңде биоотын нарығының да бәсекеге қабілеттілігі кеміген секілді. Дегенмен де, перспективаны ойласақ, биоотын саласына қатысты мемлекеттік саясатты бүгін қалыптастырып алуымыз қажет. Мәселен, соңғы 20 жылда дүниежүзі бойынша биоотын өндіру ісі 12 есеге артты. Сондай-ақ кейінгі жылдардағы әлем елдері ұстанған өзгерістерге орай, биоотын саласында баға емес экологиялық тазалық басты мәселе болып отыр. Яғни қоршаған ортаның тазалығына алаңдаған елдер биоотынның бағасына бас қатырмай-ақ, осы салаға басымдық беруде. Сондықтан да, кейінгі жылдары әлемнің дамыған елдері биоотын саласына қарқынды түрде мойын бұра бастағаны анық байқалады», - деді министр.
Ауыл шаруашылығы министрі заң жобасындағы нормаларға тоқтала келе, бұнда мәселе тек биоотынды ғана дамыту емес, келешекте биобутанол шығару да қамтылғанын жеткізді. Ал биобутанол өндірісі үшін майлы өсімдік қалдықтары пайдаланылатын болады. «Заң жобасын бүгінгі күні ұсынудың да өзіндік себебі бар, өйткені біз биоотын өндірісі кезінде болуы мүмкін азық-түлік қауіпсіздігінің алдын алып, тиісті шектеулерді бүгін қамдағанды жөн көрдік. Ондай тәжірибе әлем елдерінде аз емес», - деді министр.