Соңғы 4 жылда Еуропада 170-тен астам мемлекеттік қызметкер оқытылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 4 жылда Еуропалық Одақ елдерінде 171 мемлекеттік қызметкер білімдерін жетілдіріп келді.

Бұл туралы бүгін Астанада «Мемлекеттік қызметтегі заманауи үрдістер мен реформалар» атты конференцияда ҚР Мемлекеттік қызмет жөніндегі министрдің орынбасары Инна Ахметова мәлім етті.

«Қазақстан Үкіметі мемлекеттік қызметінің реформасы және жаңғыртылуы» атты жоба аясында 171 мемлекеттік қызметкер үшін 25 сапар ұйымдастырылды. Жақында ғана біздің министрліктің сарапшылық тобы Дания мен Нидерланд елдерінде болып, мемлекеттік қызметтерді орталықтандырудағы кадрларды жоспарлау мен мемлекеттік аппаратты оңтайландыру бағытындағы тәжірибелерін көріп қайтты», - деді вице министр.

Оның айтуынша, алдағы күндері министрлік қызметкерлері Эстония мен Ұлыбританияға баратын болады.

«Онда олар мемлекеттік аппараттың жұмысын тиімді ұйымдастыру, электрондық үкіметті дамыту, мемлекеттік аппараттағы қағазбастылықты азайту және жүйені толық оңтайландыру бағытында тәжірибе алмасады», - деді И.Ахметова.

Еске сала кетейік, Еуропалық Одақтың «Қазақстан Үкіметі мемлекеттік қызметінің реформасы және жаңғыртылуы» атты жоба биыл аяқталады. Ол біздің елде 2012 жылдың қаңтар айынан бастап, төрт жыл жүзеге асырылып келді. Еуропалық Одақ жобаға 4,5 млн. еуро қаражат бөлген болатын.

Соңғы жаңалықтар