Соңғы 5 жылда еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің жалпы өнімі екі есеге артты ? А. Күрішбаев
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ – Соңғы 5 жылда еліміздің ауыл шаруашылығы саласына келген инвестицияның мөлшері 3 есеге, ал агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы өнімі екі есеге артты.Бүгін Ақордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Мемлекеттің жүргізіп отырған аграрлық саясатының арқасында ауыл шаруашылығының тұрақты түрде дамуына қолайлы жағдай туып, ішкі нарықты азық-түлікпен толығымен қамтамасыз етуге қол жеткізіліп отыр. Қазіргі уақытта агроөнеркәсіп кешені ел экономикасының аса бір маңызды саласына айналды. Оған дәлел ретінде соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығына келген инвестициялардың мөлшері 3 есеге, егістіктің көлемі 15 пайызға, мал басы 24 пайызға, агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнімі 2 есеге артқанын келтіруге болады», деді А. Күрішбаев өз сөзінде.Министр соңғы жылдары мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенді қолдауының арқасында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі айтарлықтай нығайғанын атап көрсетті. «Ауыл шаруашылығындағы тұтынудың бекітілген нормативтеріне сәйкес, іс жүзінде ішкі нарық ауыл шаруашылғы өнімдерінің негізгі түрлерімен: азық-түліктік бидаймен, күрішпен, жарма дақылдарымен, бау-бақша өнімдерімен, картоппен, етпен, сүтпен, жұмыртқамен толық қамтамасыз етіледі», деді А. Күрішбаев.Оның сөзіне қарағанда, елімізде өндірілетін майлы дақылдар ішкі нарықтың 75 пайызын, жеміс-жидектер 30 пайызын, ерте пісетін жеміс-жидектер 4 пайызын, қант қызылшасы 6 пайызын қамтамасыз етеді. «Мал шаруашылығы шикізаты туралы айтатын болсақ, біз құс еті бойынша импортқа тәуелді елміз, осы өнімнің 67 пайызын сырттан әкелеміз», деді министр. Осыларға тоқталған А. Күрішбаев сыртқы нарыққа тәуелді осы салалардың барлығы негізгі бағыттар ретінде анықталғанын және мемлекеттік реттеу шараларын қолдану кезінде оларға баса назар аударылатынын атап көрсетті.