17:19, 12 Желтоқсан 2014 | GMT +5
Соңғы 5 жылда Қазақстанда ана өлімі 5, ал сәби шетінеуі 3 пайызға төмендеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 5 жылда Қазақстанда ана өлімі 5, ал сәби шетінеуі 3 пайызға төмендеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.
«Соңғы 5 жылды алатын болсақ, онда ана мен бала өлімі біраз азайды. Мәселен, бала шетінеуі 3 есе, ана өлімі 5 есе азайды. Дегенмен, біз алдыңғы қатарлы елдердің шебіне қосыламыз десек, ана мен бала өлімі көрсеткішін әлі де болса төмендетуміз керек», - деді Мемлекеттік хатшы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ана мен бала өлімін төмендетуге бағытталған нақты шаралар «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Алайда, бұл бағдарлама келесі жылы аяқталатын болады.
«Үкімет жаңа бағдарлама дайындайды. Біз өз ұсыныстарымызды сол жаңа бағдарламаға беретін боламыз»,- деді Г.Әбдіқалықова.