Соңғы 5 жылда Қазақстанда есірткіге тәуелділер саны 10 пайызға азайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 5 жылда Қазақстанда есірткіге тәуелділер саны 10 пайызға азайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Республикалық нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік проблемалары ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Алтынай Есқалиева мәлім етті.
«Бүгінгі күнді біздің медициналық статистика деректеріне сәйкес есірткі пайдаланатын 35,5 мың адам тіркеуге алынған. Оның 60 пайызы есірткіні инъекция арқылы пайдаланады. Ал есірткіні инъекция түрінде пайдаланудың денсаулыққа зияны көп екенін жақсы білеміз. Яғни, бұл өкпе ауруына, ЖИТС-қа, В, С гепатиттеріне шалдықтырады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, соңғы 5 жылдың ішінде Қазақстанның наркологиялық есебіне алынған аурулар саны 10 пайызға азайған.
«Біздіңше, мұндай нәтижеге түрлі бағдарламалардың қолға алынып, алдын алу шараларының күшейтілуі өз септігін тигізіп отыр», - деді А.Есқалиева.