Соңғы 5 жылда Қазақстанның көлік саласын дамытуға 1,5 трлн теңге бағытталды

Бұл туралы бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көлік комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Потлов мәлім етті.
«Соңғы 5 жылда Қазақстанның көлік саласын дамытуға 1,5 трлн теңге бағытталды. Бұл Бүкіләлемдік экономикалық форумның рейтингінде 2015 жылы 30 сатыға жоғарылауға мүмкіндік берді. Қазақстан 140 елдің ішінде 88-орыннан 58-орынға көтерілді», - деді Д.Потлов ОКҚ брифингісінде.
Оның сөзіне қарағанда, елде халықаралық көліктік инфрақұрылымдарды дамыту әрбір мемлекет үшін маңызды, себебі әлемдік көліктік жүйеге қосылу арқылы мемлекет өз тауарларын сыртқа шығаруға және транзиттік жүктердің үлесін арттыруға қол жеткізе алады.
«Бүгінде Ұлы Жібек жолын жаңғырту бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта Қазақстанда 6 халықаралық көлік дәлізі құрылған. Олар: Солтүстік, Оңтүстік, Орталық Азиялық теміржол магистральдары, Солтүстік, Оңтүстік және өзге де дәліздер», - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, Қазақстанның көлік саласын дамыту 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасында қамтылған. Оның аясында көлік инфрақұрылымын дамытуға 2,4 трлн. теңге бөлінеді.